in

Үй ішіндегі үрей

16 маусымнан бастап күшіне енген бұл заң еліміздегі отбасылық зорлық-зомбылықпен күресте жаңа белестің басталуына жол ашты. Жаңа заң қабылданған бір жылға жуық уақыттың ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық азайды ма? Тұрмыстық зорлық-зомбылық статистикасы неге тұрақты емес?

Қазақстан Республикасы Бас прокура­тура­сының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сүйенсек, 2010 және 2024 жыл­дар аралығында жеке тұлғаға қарсы жаса­ла­тын қылмыстар саны біркелкі емес. Мысалы, кісі өлтіру үш есеге азайған: 1,4 мың­нан 449 жағдайға дейін. Сондай-ақ «зор­лау», «жыныстық сипаттағы күш қол­дану», «абайсызда кісі өліміне себеп болу» секілді баптар бойынша да қылмыстың азаюы байқалады. Дегенмен бұл – жалпы статистика. Яғни, қылмысты отбасы мүше­сі ме әлде бөтен адам жасады ма ол ескерілмейді. Ал отбасы ішіндегі кісі өлтірулердің үлесі – алаңдатарлық. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың есебіне сенсек, қазіргі таңда еліміздегі әр төртінші кісі өлтіру отбасында орын алады. Бұл – жалпы қылмыстың 23%-ы. 2018 жылы бұл көрсеткіш 17% болса, 2019 жылы 16% болған. Яғни, жалпы кісі өлтіру азай­ғанымен, отбасылық жағдайда жасалған­дары баяу азайып, тіпті үлесі өсіп отыр.

Соңғы жылдары құқық қорғау орган­дары «денсаулыққа орташа немесе жеңіл зиян келтіру», «ұрып-соғу» сияқты істерді бұрынғыдай әкімшілік құқықбұзушылық емес, қылмыстық іс ретінде қарастырып келеді. Бұл – заңнамадағы 2024 жылғы өзгерістердің нәтижесі.

Отбасындағы зорлықты жасыратындар көп

Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбы­лық Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен қаралатын. 2024 жылдан бастап бұл баптан «денсаулыққа зиян келтіру» тармақтары алынып тастал­ып, тек «қорлау», «мүлікке зиян келтіру», «жеке ар-намысқа тию» сияқты әрекеттер ғана қалған. 2010 жылы осы баппен 60,5 мың іс тіркелсе, 2024 жылы – 74,3 мың. Бірақ бұл жерде бір айырмашылық бар: 2010 жылы бұл көрсеткішке ұрып-соғу фактілері де кіретін.

2015–2017 жылдары мемлекет отбасы­лық зорлық-зомбылықты қылмыстық деңгейде қарастырып, жаза күшейтілген болатын. Нәтижесінде, кісі өлтіру дерек­тері күрт төмендеген. Ал 2017 жылдан кей­ін заң қайта жұмсарып, декриминализа­ция басталған соң, қылмыстар қайта кө­бейе бастаған.

Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көптеген жағдайы көмек сұрауға байланысты стигмаға байланысты құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалады. Құқық қорғау органдары ака­де­мия­сының мәліметтері бойынша, жыл сайын әйелдердің шамамен 70-90 пайызы полициядан көмек сұрамайды. Бұл – көп жағдайда есепке алынбайтын факт. Сал­дары­нан, тұрмыстық зорлық-зомбылық ста­тистикасына деген сенім азаяды. Зор­лық-зомбылықтың құрбандарына «Неге бәріне қолыңды бір сілтеп кетіп қалмай­сың?» деген сұрақ жиі қойылады. Психолог Бұлбұл Қабдылованың айтуынша, бұл сұрақтың түбінде зорлық-зомбылықтың табиғатын терең түсінбеу, оның қанша­лықты күрделі екенін бағаламау жатыр.

– Адамдар арасындағы қарым-қатынас біз ойлағаннан да күрделі. Оны не жаман, не жақсы деп бөліп қарастыра алмаймыз. Себебі көп әйел үшін қарым-қатынаста тек зорлық емес, басқа да факторлар бар – ор­тақ өткен шақ, бала, қоғамның қысымы, қар­жылық тәуелділік. Кеткісі келгенімен, барар жері мен тірегі болмағандықтан, амал­сыз бірге тұрып жатқан әйелдер көп. Егер олардың жеке баспанасы, тұрақты та­бысы және қолдаушы ортасы болса, ажырасу көрсеткіші әлдеқайда жоғары болар еді, – дейді маман.

Сонымен қатар кей әйелдер өздерінің зорлық көріп жүргенін аңғармайтыны да айтылып жүр. Өйткені кейде зорлық «махаббат», «қызғаныш» немесе «тәрбие» түр­ін­де көрінуі мүмкін. Жәбір көрсетуші өз әрекетін осындай желеумен ақтап, ал жәбірленуші оны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды.

Жаңа заңнан кейінгі жағдай

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық туралы заң мыңдаған әйелді абьюз­ивті қарым-қатынастан шығуға итерме­леді, оларға құқықтық қауіпсіздік пен қашуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ әйел­дер­ге өмір сүруге және озбырлықтан арылу­ға көмек­тесті. Бас прокуратураның мәліметінше, 2023 жылы Құқық қорғау органдарына тұр­мыстық зорлық-зомбы­лық­қа қатысты 100 мың шағым түскен. Бұл соңғы бес жыл­дағы жиынтық есептен үш есе көп. Мұндай көрсеткіштер қазіргі жағдайдың ауырлы­ғын және Президент қабылдаған заңның қа­жеттілігін толық түсіндіреді. 2024 жыл­дың қаңтар-тамыз айларында елімізде от­басыларда 1,6 мың қылмыстық құқық­бұзу­шылық тіркелді, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстыр­ғанда 2,8 есе көп. Өңірлер бойынша ең көп отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық­бұзушы­лықтар Алматы облысында жасал­ған: 2023 жылы 56 жағдай, 2024 жылы 202-ге­ дейін жетті. Жылдық өсім 3,6 есеге тең. Бір жыл іші­нде Алматыда осы саладағы оқиғалар саны бірден 7 есе өсіп, 155 жағдай тіркел­ген. Антирекорд орнатқан үштіктер қатар­ын­да Түркістан облысы да бар. Ал отбасы­лық-тұрмыстық саладағы ең аз қыл­мыстық құқықбұзушылықтар саны Ұлытау (29 жағдай), Абай (35 жағдай) және Сол­түстік Қазақстан (42 жағдай) облыстарында.

Дегенмен Ішкі істер министрлігі жаңа заңның күшіне енуі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистиканың ай­тарлықтай төмендеуіне себеп болғанын айтады. Мысалы, 2024 жылы 16 маусым мен 31 желтоқсан аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 40 012 хабарлама келіп түскен. Бұл көрсеткішті сәйкес кезеңімен салыстырсақ 28%-ға азайған. Ал 2023 жылы 16 маусым мен 31 желтоқсан аралығында 55 453 хабарлама түскен.

Сонымен қатар ІІМ биылғы жылдың басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қатысты 22 322 хабарлама келіп түс­кенін мәлімдеді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмен (2024 жылдың 4 айында – 28 189).

Мемлекет бұл мәселені жүйелі шешу үшін нақты шараларды қолға алып отыр. 2025 жылдың басынан бастап 32,2 мың азамат әкімшілік жауапкершілікке тартыл­ған. Олардың ішінде 11,5 мыңы қамауға алынған. Бұл көрсеткішті 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, әкімшілік жауапкершілікке 35 083 адам тартылып, тек 5,9 мыңы ғана қамауға алынғаны бел­гілі болды. Бұл құқықбұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдана бастағанын көрсетеді.

Зорлық-зомбылық басқа елде де бар

БҰҰ-ның еліміздегі әйелдер өкілдігінің басшысы Дина Амришеваның айтуынша, гендерлік зорлық-зомбылық барлық елдер үшін өзекті жаһандық проблема екенін.

– Өкінішке қарай, бұл адам құқықтарын бұзудың ең кең тараған түрі болып қала береді. БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. UN Women жаһандық веб-сайтында жарияланған «Гендерлік сауал­нама–2023» жыл сайын 245 млн әйел мен қыз өздерінің жақын адамдарынан фи­зикалық немесе жыныстық зорлық-зом­былыққа ұшырайтынын жазды, – деді Дина Амришева.

Қыз-келіншектерге қоқан-лоққы көрсету бойынша Тынық мұхиты елдері әлемде көш бастап тұр. Әсіресе, Кирибати, Фиджи, Самоада жағдай күрделі. Бұл елдерде әйелдердің 60%-дан астамы өмір бойы серіктесінен зәбір көреді. Ал әр бесінші әйел жұмыс орнында жыныстық қудалауға ұшырайды. Зорлық-зомбы­лықтың күрделі әрі жасырын түрі, техно­логия арқылы қиянат жасау да көбейген. Кейінгі дерек көрсетіп отырғандай, ер адамдардың серіктесін телефон арқылы бопсалап, қысым көрсетуі жиілеген. Әйе-л­ін қаржылай бақылап, онлайн банкингке шектеу қою деректері де көп. 

Әйелдерге ерлермен тең мүмкіндік беретін ел ретінде танылған Исландияда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ушығып тұр. Исландия университетінің кейінгі зерттеуіне сәйкес, әр төртінші ис­ландиялық әйелдің өмірінде физикалық немесе сексуалдық зорлық көргені анық­тал­ған. Алайда олардың 12%-ы ғана поли­цияға жүгінеді. Сарапшылар бұл жағдайды «Скандинавиялық парадокс» деп атап отыр. Бұл теңдікке ұмтылған қоғамда да зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейі байқалатынын көрсетеді. Исландия үкі­меті кейінгі жылдары әйелдерге арналған уақытша баспана құрып, цифрлық зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде тану туралы заң қабылдады. Алайда сарапшылар бұл шаралардың жеткіліксіз екенін және зор­лық-зомбылық құрбандарына көбірек қол­дау көрсету қажет дегенді айтады.

Орталық Азия аймағында 35 млн-ға жуық әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүр. Бұл елдердегі кей әдет-ғұрып­тар мен ескі түсінік олардың құқығын шектеп, тұрмыста таяқ жеуіне түрткі болып отыр дейді мамандар.

 

P.S 

Жыл сайын отбасылық зорлық-зомбылық туралы ашық айтылып, заңдар күшейіп, алдын алу шаралары көбейіп жатқаны қуантады. Қылмыстық көрсеткіштерден де оң өзгеріс байқалып, отбасы ішіндегі қылмыстардың үлесі азайған. Дегенмен қоғамның көп бөлігі әлі күнге дейін өз құқықтарын қалай қорғау керектігін білмейді.

 

 Көктем ҚАРҚЫН