in

Абай мұрасы – қазақтың қасиетті қазынасы

Мерейтой аясындағы іс-шаралар өңірдің барлық аумағын қамтып, кітапханаларда, жоғары оқу орындарында, мәдениет ошақтарында әдеби кештер, шығармашылық кездесулер, театрландырылған қойылымдар, көрмелер, байқаулар мен флешмобтар ұйымдастырылады.  Мерекелік бағдарлама жыл соңына дейін жалғасып, барлығы 300-ге жуық түрлі шара жоспарланған.

Оқу ғимаратындағы мурал

Петропавлдағы Пушкин және Абай көшелерінің қиылысында Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай мурал пайда болды. Композиция Қозыбаев университетінің оқу ғимаратының қабырғасына салынды.

Қабырғаға ұлы ақынның суреті салынып, оның жан-жағы әсем ою-өрнектермен безендірілген. Сурет эскиздерін біздің «Құрылыс және дизайн» кафедрасының студенттері мен оқытушылары дайындаған. 

– Абайдың муралын жасау бастамасын біздің студенттер көтерді. Университет болашақ дизайнерлерді даярлайды. Бұл муралдың эскизін, тұжырымдамасын осы студенттеріміз оқытушыларының көмегімен жасап шықты. Мурал Абай мен Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұл композиция қала тұрғындарын, соның ішінде жастарды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеп, әділеттілік және парасаттылық қағидаларын ұстануға сеп болады деп ойлаймын, – дейді Қозыбаев универ­ситетінің басқарма төрағасы-ректор Ербол Исақаев.

Ашық аспан астындағы «Абай әлемі»

Орал қаласының Қаталов ауданындағы «Достық» саябағында қазақ руханиятының темірқазығы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайдың музыка әлемі» атты ашық ас­пан астындағы рухани кеш жоғары дең­гейде өтті. Алаштың алып тұлғасына арналған бұл кеш Абай шығарма­шы­лығының саз әлемін тереңнен танытып­, ақынның поэзия мен музыкадағы өлшеусіз мұрасын қайта жаңғыртқандай. Шара барысында Абай әндері мен олар­ды қазіргі заман тұрғысынан жаңаша интерпретацияланған туындылар орындалды.

Сахна ұлттық нақыштағы өрнектермен безен­діріліп, LED экранда «Абайдың музыка әлемі» деген жазу мен Абайдың бейнесі бейнеленіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласынан үзінді келтіріліп, Абайдың бүгінгі қоғамдағы орны ерекше аталды.

Рухани кеш үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде Абайдың кеңінен танылған танымал әндері шырқалды. Оралхан Ерғалиев пен Алтынбек Жасқайратовтың орындауындағы «Көзімнің қарасы» дуэті мен Сыйлық Құсайынованың жүрек тербер «Желсіз түнде жарық ай» әні көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ Аягүл Шоқпанова «Мен бір жұмбақ адаммын» және Ботагөз Мақатова «Өзгеге көңілім тоярсың» өлеңін оқып, Абайдың лирикалық тереңдігін шебер жеткізе білді.

Екінші бөлімде классикалық және заманауи бағыттағы шығармалар орындалды. Е.Хасанғалиевтің Динара Әубекерова орындаған «Тереңдеп қарайсың» әнінен бастап, Мұрат Ахметовтың орындауындағы «Сегіз аяқ» туындысы мен Боранқұл Сәртөктің орын­дауындағы Ғ.Құрманғалиевтің «Жаз» әндері тыңдау­шыны терең ой мен сазға бөлеп, кештің шырайын аша түсті. Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанымда» атты терең философиялық туындысын Қайрат Абдулов пен Алма Жанай орындап, көрерменді рухани серпілтіп, толғандырды. Бұл бөлімде Балғаным Ғұба­шеваның орындауындағы «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнімен қорытындылады.

Үшінші кезеңде Ж. Сейфуллиннің «Өзіңе сенбе, жас ойшыл» атты туындысы мен Абайдың «Бойы бұлғаң» әні орындалып, кештің шарықтау сәтінде «Абайдың елі» атты квинтет сахна төріне көтерілді. Бірнеше дауыстан тұратын бұл туынды тыңдаушыны ерекше рухани әлемге жетелей түсті. 

Кеш соңында жүргізушілер Абай Құнанбайұлының шығарма­шылығын ұлықтаудың маңыздылығын атап өтіп, ақынның рухани мұрасы халқымызбен бірге қашанда жасай беретінін жеткізді. Бүгінгі рухани кеш Абай әлемі төл әдебиетіміз бен бүкіл адамзатқа ортақ асыл мұра екенін тағы бір мәрте еске салды.

Ашық аспан астында өткен бұл рухани кеш көр­ерменнің көңілін тербеп, жүрегіне ізгілік пен рухани байлық сыйлады. Халықтың ықыласы мен қошеметі ақын мұрасының өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді.

Халықаралық челлендж өтуде

Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абай өлеңдері әлем тілдерінде» атты халықаралық челлендж өтіп жатыр.

Аталған жобаның мақсаты – Абай мұрасын халық­аралық деңгейде кеңінен насихаттау және көпұлтты қауымдастық арасында қазақ мәдениетіне деген қызы­ғу­шылықты арттыру. Челленджге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілер, жетекші шетелдік ұлттық кітап­ханалар мен балалар кітапханаларының басшылығы, этномәдени орталықтар өкілдері, белсенді оқырмандар қатысты. Іс-шара барысында түрлі этнос өкілдері ақын шығармашылығына деген құрметін білдірді.

Челлендж аясында Абай Құнанбайұлының өлеңдері қазақ, орыс, поляк, неміс, беларусь, армян, моңғол және үнді тілдерінде оқылды.

180 домбырашының тартуы

Қарағандыда Абайдың орталық алаңында «Ұлы даланың ұрпақтары» атты ауқымды флешмоб өтті. Шараға 180 домбырашы қатысып, олар бір мезетте күй орындады. Музыкалық көрініс ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мәдени онкүндіктің бір бөлігіне айналды.

Мерекелік шараға тек қала тұрғындары  емес, Абай ауданына қарасты ауылдық округтерден де адамдар келіп қатысты. Домбырашылардың арасында кәсіби өнерпаздармен қатар түрлі сала мамандары, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері де бар. Флешмобты ұйымдас­тыру­шылардың бірі, жергілікті халық театрының жетекшісі Динара Жұмағұлованың айтуынша, бастаманы ауыл-аймақ халқы ықыласпен қабылдаған. Алайда дәл 180 қатысушыны жинау оңай болмаған.

– Басты мақсат – Абайдың мерейтойына орай 180 домбырашыны қатар шығару еді. Әуелде күмән болғанымен, нәтижесінде біз діттегенімізге жеттік. Бұл – үлкен еңбектің, ұйымшылдықтың жемісі, – дейді Динара Жұмағұлова.

Хакім жазбаларының жаңартылған транскрипциясы

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы хакім Абайдың 180 жылдығына орай «АБАЙ. Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты жаңа ғылыми еңбекті жарыққа шығарды. 

Құнды зерттеу еліміздің жетекші баспаларының бірінен 2000 дана таралыммен басылып шықты. Авторлары – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек және PhD докторант Әзімхан Исабек. Жобаның жарыққа шығуына Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров демеушілік көрсетіп, бастаманың кең аудиторияға жетуіне ықпал етті. Ғылыми еңбекте Абай шығармаларының негізгі көзі саналатын Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбалары текстологиялық және терминологиялық тұрғыда сараланып, салыстырмалы түрде талданған. Сонымен қатар ақынның інісі Халиоллаға жазған хатының түпнұсқасы мен транскрипциясы, сондай-ақ Абай шығармаларын көшірген Рахым Жандыбаев пен Оразке Уақбайұлының қолжазбаларымен салыстыру нәтижелері қамтылған. Еңбектің тағы бір құндылығы – Абайдың 1910 жылы жазылған қолжазбасының толық факсимиле нұсқасының алғаш рет жариялануы.

Жоба авторларының айтуынша, кітапқа Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Мекемтас Мырзахметұлы  көзі тірісінде рецензия жазып, өз батасын берген. Автор Әзімхан Исабектің сөзіне сүйенсек, бұл еңбек – ұзақ жылдарға созылған ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі. – Абай шығармаларын түпнұсқа негізінде толық әрі сауатты транскрипциялау  ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде арман еткен ісі болатын. Бүгінде сол мұрат орындалып отыр, – деді ол. Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған бұл іргелі еңбек 712 бетті құрайды және абайтану саласындағы маңызды жаңалық ретінде бағалануда.

Ерекше кітапхана ашылды

Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндіктің алтыншы күнінде Семей қаласында көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған арнайы кітапхананың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысты.

Жылына 15 мыңнан астам келушіні қабылдайтын жаңа инклюзивті кітапхананы «Самұрық-Қазына» қорының Абайдың 180 жылдығына Абай облысының тұрғындарына жасаған ерекше сыйлығы деуге болады. Жоба Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қайырым­дылық қорының қолдауымен 410 миллион теңгеге қаржыландырылды. Бұл – мәдени-әлеуметтік мекеме еліміздегі өңірлік деңгейдегі ең ірі және заманауи инклюзивті кеңістік.

Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 852 шаршы метр. Нысан зағип және нашар көретін жандардың қажеттіліктеріне бейім­делген. Тифло­тех­нология кабинеті, брайль жүйе­сімен оқу-жазу бөлмесі, дыбыстық әдеб­иеттер қоры, коворкинг пен оқу залдары, биб­лиографиялық ақпараттар бөлімі, әдебиеттерді өңдеу және толықтыру бөлімі орналасқан. Ерекше азаматтардың еш кедергісіз еркін кіріп-шығуы үшін арнайы тұтқалармен жаб­дық­талған және білім алуына барлық жағдай жасалған. Келешекте кітапхана базасы электр­онды каталогқа көшіріледі. Кітапхан­а­ның кітап қоры 40 мың дана кітаптан тұрады. Семей қаласы әкімдігі ғимарат маңайын толық абат­тандырып, шырша отырғызып, кіреберіс жол­дарға асфальт төседі. Кітап қоры толық көші­р­іліп, кабинеттер мен сөрелер ретке келтірілді.

Аймақ басшысы бұл нысанның маңызы зор екенін атап өтіп, ғимаратты салған «Самұрық-Қазына» қорына алғысын жеткізді. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйрен­генін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз» деп тұжырымдап, кері­сінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деп атап өткен болатын. Бұл жаңа кітапхана – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың білімге құлшынысы мен ізден­іс­теріне тиісті жағдай жасауда айрықша маңыз­ға ие. Олардың білім алу, шығармашылық­пен айналысу, мәдени және рухани даму мүмкін­діктерін кеңейтуде ерекше рөл атқарары сөзсіз. Кітапхана заманауи стандарттарға сай жабдық­талған. Мұнда Брайль қарпіндегі әдебиеттер, дыбыстық кітаптар, арнайы тех­никалық құрылғылар мен сандық ресурстар кеңінен қолжетімді. Кітапханада 41 мыңнан астам кітап қоры бар. Мұның барлығы инклю­зивті қоғам құру жолындағы нақты әрі маңызды қадам болып саналады», – деді облыс әкімі.

 «Самұрық-Қазына» қоры соңғы бес жылда Абай облысында білім, спорт және әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытында жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны жүзеге асырды. 

 «Қазір облыс әкімдігімен бірлесіп Семейдің Ұшақтар шағын ауданында спорт сарайының құрылысы жоспарлануда. Мұнда 4 мыңға жуық адам спортпен шұғылдана алады. Бұл – қор тобының аймақтық инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік қолдауды кеңейтуге бағыттал­ған бастамаларының бірі», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Асыл ТҰМАР,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ