in

Бос орын көп, толтырар жан аз

Бұрын жұмыс табу қиындығы, әсіресе жастар арасында өткір сезілетін болса, биыл бұл көрсеткіш те рекордтық деңгейде төмендеді. Осы ахуал аясында Үкімет жатжұрттық жұмыс күшін кеңірек тартуға ден қойып отыр. Еңбек министрлігі сырттан маман әкелу тәртібін едәуір жеңілдетті. Бұл өзгеріс еңбек нарығына қалай ықпал етеді? Жаңа реформа қандай мақсатты көздейді?

«Ата, сіз әлі жұмыстасыз ба?»

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, республикада «екі қолға бір күрек» таба алмай сенделіп жүргендердің саны былтырғы бірінші тоқсандағы 451 515 адамнан биылғы бірінші тоқсан қорытындысында 446 049 адамға дейін кеміді. Еңбек нарығындағы тапшылықты басқа факторлар да ушықтырып тұр. 

Қоғамдық ұйымдардың бағалауынша, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың бейресми саны 1 миллионнан асады. Сондай-ақ республика халқы қарқынды қартаю үстінде, яғни қариялар саны артып барады. Соның нәтижесінде, ресми статистика бойынша Қазақстанда, балаларды қоспағанда, жұмыс күші құрамынан шығып қалған адамдардың саны 2025 жылғы 4 669 631 адамнан 2026 жылы 4 807 200 адамға дейін өсті. 

«Халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректері бойынша Қазақстан экономикасының түрлі сала­сында 9,4 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 7,3 млн адам (77,6%-ы) – жалдамалы жұмыспен, 2,1 млн адам (22,4%)  өзін-өзі жұмыспен қамтыды. 2025 жылғы I тоқсанмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 103,1 мың адамға, ал жалдамалы қызметкерлердің есебінен 149,5 мың адамға өсті. Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (16,7%), білім беру (13,3%), өнеркәсіп (12,6%) және ауыл шаруашылығы (10,2%) салаларында байқалды», – деп хабарлады Ұлттық статбюро сарапшылары.

43 жылдық тәжірибесі бар инженер Болат Тыныштықұлы зейнеткерлікке шықса да, әлі күнге жылу-электр орталығында жұмыс істейді, департамент басқарады. Маман тапшы заманда қазандықтың тілін білетіндер алтынмен тең. Бейнетінің зейнетін көргісі келеді, бірақ кезінде толық жаңғыртылуына өзі жетекшілік еткен нысанды кімге тастап кетерін білмейді. 

Жас мамандардың көп бөлігі бірер жыл істеп, басқа кәсіпорынға –жеңіл жұмысқа, мансабы жоғарысына кетіп қалатынына қапаланды. Содан өз ісінің «кіре тартар күреңіндей» болған тәжірибелі, тіс қаққан мамандарын жасы жетсе де, демалысқа жіберу ЖЭО басшылығының түсіне де кірмейді. Демалысқа кету ойын жеткізсе, «Бөке, кетпеңіз, бүкіл қала тіршілігінің тегершігін айналдырып отырған стансаны кімге қалдырасыз?» деп жалынады екен. 

– Жыл сайын жалақымды 30%-ға көтеріп отыр. Шипажайға да жұбайым екеуімізге тегін жолдама береді. Тіпті, бес жыл тағы шыдасам, қазіргі жаңа пәтер­дің ордерін қолыма біржола ұстат­пақшы. Екі жыл бұрын цифрлық басқару пульты мен жаңа турбиналар орнатылған соң заман талабынан қалмайын деп біліктілік арттыру курсынан да өттім. Бәр­ін білетін жас операторлардың өзі блок қалқанында қысым өршісе, шошып, маған жүгіреді. Бұл жерде әрбір  аэратор мен қоректендіру сорғысының бүлкілін көзімді жұмып тұрып, сезе аламын. Шынында, қазандық агрегатының гүрілі мен будың қысымы ғұмырымның бір бөлшегіндей болып кеткен. Қазіргі жас­тарға кәсіпке адалдық жетіспейді-ақ, – дейді Болат ағай. 

Жатжұрттық маманға жол ашқан реформа

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда сұранысқа ие бірқатар мамандық бойынша кадр тапшылығы туындағанын ашық айтып отыр. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет қазір көші-қон реформасын қолға алды. Салалық ведомство республикаға білікті кадрларды тарту мақсатында шетелдік мамандарды жұмысқа орналастырудың жеңілдетілген тәртібін енгізді.

Қазақстан кез келген гастарбайтерге құшағын ашпақ емес. Еңбекмині елде тапшы кәсіп иелерінің тізбесін дайындады. Аталған тізімге сұранысқа ие 50-ден астам мамандық енгізілген. Олардың қатарында ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, инженерия және креативті индустрия салаларындағы түрлі мамандық бар. Тізімге енгізілген мамандықтар бойынша шетелдік жоғары білікті кадрларға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. 

Мәселен, Enbek.kz порталының мәліметінше, «акушер-гинеколог» мамандығы бойынша 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндемеден келеді. «Педиатр» мамандығы – 448 вакансияға 139 түйіндеме, ал «анестезиолог-реаниматолог» бойынша 300 бос орынға 75 түйіндеме ғана тіркелген. Сонымен қатар онколог, неонатолог және эндо­кринолог мамандарына да сұраныс жо­ғары. Бұған қоса, ақпараттық технология­лар саласындағы мамандарға да қажеттілік артып отыр. Атап айтқанда, қолданбалы бағдарламашылар (509 вакансия), графи­калық дизайнерлер (355 бос жұмыс орны) сұранысқа ие.

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің (ЕШЕБЖ) деректеріне сәйкес, сұранысқа ие мамандықтар бойынша шетелдіктермен 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалып үлгерген. Оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілері шамамен 8 мың, акушер-гинекологтар – 4,6 мың, педиатрлар – 4,1 мың және қолданбалы бағдарламашылар  3,5 мың еңбек шартын құрайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың 2026 жылғы 26 мамырдағы жаңа бұйрығымен шетел­діктердің Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуына негіз болатын сұранысқа ие мамандықтар тізіміне және оны қалыптастыру қағидаларына маңызды өзгерістер енгізілді. 

Құжатқа сай, 2026 жылғы 12 шілдеден бастап заңнамаға «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік цифрлық порталы деген жаңа ұғым ресми түрде енеді. Бұл – Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді тоғыстыратын, кадрларды іріктеуді электронды әрі проактивті форматта жүзеге асыратын бірыңғай цифрлық платформа. Сәйкесінше, шетелдіктерге арналған мамандықтардың тізімі осы жаңартылған платформаның көмегімен, нақты деректерге сүйене отырып жасалады.

Мұндай маңызды тізімді түзу үшін уәкілетті орган үш түрлі бағыт бойынша терең талдау жүргізеді. Ең алдымен жұмыс берушілердің сырттан қандай мамандарды көбірек тартып жатқанын зерделеу үшін «Шетелдік жұмыс күші» автоматтан­дырылған цифрлық жүйесінің мәліметтері ескеріледі. 

Бұдан өзге, Еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесінің ережелеріне сай жасалған кадрлар қажеттілігінің орта­мерзімді болжамы басшылыққа алынады. Осы талдаулардың соңғы нүктесі ретінде «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік цифрлық порталындағы бос жұмыс орындарының нақты көрсеткіштері назарға алынбақ. Аталған бұйрық, кейбір тармақтарды қоспағанда, 2026 жылғы 12 маусымнан бастап ресми түрде күшіне енеді.

Көші-қондағы өзгерістердің көздегені не?

Бүгінде шетелдік азаматтардың Қазақстанда тұрақты тұруына мүмкіндік беретін ел экономикасына ең қажетті кәсіп иелері бірнеше негізгі салаға ажыра­тылып отыр. Соның ішінде денсаулық сақтау саласы бағытында елімізге дәрігер-нейрохирург, дәрігер-гематолог, дәрігер-онколог, дәрігер-неонатолог және дәрі­гер-эндокринолог мамандары аса қажет. Сондай-ақ осы қатарда анестезио­лог-реан­иматологтар, дәрігер акушер-гинеко­логтар, дәрігер-педиатрлар мен дәрігер-сәулелік диагностика мамандарына да сұраныс жоғары.

Жаратылыстану ғылымдары, матема­тика, статистика, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары да білікті шетелдік күшін күтеді. Бұл бағытта органикалық заттар технологиясы бойынша инженер-зерттеушілер, фармацевтика өнеркәсібінің инженер-технологтары, пайдалы қазба­ларды байыту бойынша инженер-зерттеу­шілер, авиация инженерлері және ғарыш­тық жүйенің аппараттық-бағдар­ламалық қамтылымы бойынша инженерлер қат. 

Сонымен қатар жаңа техника мен технологияны енгізу жөніндегі инженерлер, лазерлік жабдықтар бойынша мамандар, целлюлоза, қағаз, полиграфия және тал­шық өндірісі технологиясы бойынша инженер-зерттеушілер, инженер-меди­циналық радиохимиктер, инженер-меди­циналық физиктер, тоқыма шикізатының классификаторлары мен бактериологтар нарықтан өз орнын таппақ.

Қазіргі ең серпінді бағыт – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі саласы болып отыр. Мұнда ақпа­раттық технологиялар инфрақұ­рылымының архитекторы, бағдарламалық қамтылым архитекторы, бағдарламалық қамтылымды әзірлеуші мен бағдарламалық өнімдерді қолдау жөніндегі мамандарға есік ашық. 

Бұған қоса, мобильді қосымшалар мен компьютерлік ойындарды әзірлеу­шілер, жасанды интеллект жөніндегі инже­нерлер, үлкен деректермен жұмыс істеу жөніндегі мамандар, ақпараттық жүйелер архитекторлары, дизайнерлер және басқасы бізге келсе, төрге озады. 

Көші-қон заңнамасына енгізілген бұл өзгерістер – мемлекеттің еңбек нары­ғындағы тапшылықты жоюға бағытталған амалсыз шарасы, прагматикалық қадамы. Бұл реформа Қазақстанға  жұмыс күшін ғана емес, ел экономикасының инно­вациялық драйверіне айналатын жоғары білікті мамандарды тартуға жол ашады. Отан­дық нарықтың мұндай ашықтығы мен цифрлық бақылаудың үйлесімі – елі­міздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлеуметтік-экономикалық тұрақ­тылықты нығайтудың бір кепілі болса игі.

Елдос СЕНБАЙ