«Күй» – күрделі туынды. Жазушының әлем оқырмандарына белгілі «Дала балладалары» цикліне енген бұл шығарманың құндылығы мен қуаты бүгінгі күннің талап-тілектеріне де толыққанды жауап бергендей. Адайлар мен түрікмендер арасындағы итжығыс, «жер дауы мен жесір дауы» көрші қонған екі елді біраз жыл сарсаңкесек әбігірге салған-ды. Азаматын жоқтап аза тұтқан ағайын; көзі жәудіреген жарын, құлдыраңдап алдынан жүгіре шығатын сәбиін қимастықпен атажұртына тастап, жорыққа аттанатын жаужүрек батырлардың алдан не күтіп тұрғаны белгісіз талайлы тағдыры; бірде түрікмендер, бірде адайлар жеңіске жетсе де түбектегі жұрттың тұрақты тыныштыққа қол жеткізе алмауы; барымта, өрістің тарылуы… хикаятта осы секілді оқырманға бұрыннан мәлім толып жатқан жанды эпизодтар сахна тіліне көшіріліп, көрерменді тосын толғанысқа жетелейді.
Қазақ батыры Дүйімқарадан кек алмайынша, шыбын жаны тыныш таппайтын түрікмен Жөнейіттің образы сахнада шынайылығымен көпшілік көкейінен шықты. Кенже ұлы Дәулеттің өлімі, аңға шығып жайбарақат жүрген Күйшінің қолға түсуі, Күйші мен Жөнейіттің іштей психологиялық арпалысы, қолы қылыш сабынан босамаған түрікмен батырының ақырында өмір бойы «жау, жау шаптылаған» тірлігінің түкке алғысыз екендігін түсініп, күйдің сарынына сынып бас июі, мына жалған дүниеде өнерден артық құдіреттің жоқтығына көзін жеткізіп, мойындауы – көрерменді оқыс ойлануға итермелейді, бұл жағдайдың бүгінде өзектілігін жоймағандығын дәлелдейді. Әйтсе де, жауынан кек қайтармайынша көңілі көтеріліп, қабағы ашылмайтын Жөнейіт соңғы демі таусылар алдында күйшінің басын қылтитып құмға көміп, «күйшіге жаны ашыса Дүйімқара бір айналып соғар, сонда мен оған күшімді көрсетермін» деп іштей айбат шегеді. Үміттенеді.
«Күй» – жазушының әлемдік әдебиет ағымына тосын әрі толғақты тақырып мәңгүрт, мәңгүртизмнің негізін қалаған және аузы дуалы дүйім ел құрметтеген қаламгерлер үздіксіз айтып жүргендей, сан тілге аударылып, өз оқырмандарын тапқан айтулы туындысы. Сахнада да ақыл-есінен айырылып, қайдан шыққанын, ата-бабасының кімдер екенін білмей, малмен бірге өріп, малмен бірге тірлік кешкен мәңгүрттер бейнесі де толымды эпизодтармен толыға түсті. Режиссерлік шешім, оркестрдің ойнақы әуені, көздің жауын алатын жалт-жұлт еткен сәулелер, ат тұяғының дүрсілі, Күйшінің торға қамалуы – жарасымды үйлесім, әдемі үндестік тапқан. Жөнейіт, Күйші, Мәмбетпана, Аннадүрді, Адай би, Көкбөрі, Дәулет… бейнелерін сомдаған театр әртістерінің шеберліктері жайлы театр мамандары алдағы уақытта айта жатар. Дегенмен Жөнейіт – Сырым Қашқабаев, Жәнібек Мұсаев; Күйші – Марғұлан Наменов, Руслан Әлішев; Мәмбетпана – Кеңес Нұрланов, Нартай Сауданбекұлы; Көкбөрі – Қайыржан Садықов, Ерғұлан Жанпейісов; Жұма би – Тілектес Мейрамов, Боранбай Молдабаев секілді әртістер өздерінің ешкімге ұқсамайтын ойнау шеберліктерімен, образды сахнада шынайы бейнелеулерімен көрермен қауымның қошеметіне бөленді.
Екі күндік премьера аншлагпен өтті. Күрделі шығарманың айтар ойы мен негізгі түйінін шашау шығармай, сахнаға жанкештілікпен шығара білген белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың еңбегі ерекше. Шығарманың инсценировкасын жазған белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуаныш Жиенбайдың режиссермен түсіністік жағдайда, шығармашылық тұрғыда тиянақты жұмыс істегені анық аңғарылып тұрды. Ұлы жазушының асау дариядай асып-төгілген сөз маржандарына иненің жасуындай қиянат жасалмағанын, шығарманы сахна тіліне айналдыру аса оңайға соқпағанын Қ.Жиенбай мерзімді басылымдарға берген сұхбаттарында айтып жүр.
Драма көрермен көкейіне ой салды, ізгілік пен қаскөйліктің күресі кеше қандай болса, бүгін де одан тым ұзап кетпегенін, оның әлі де шалғайымызға жабысып, қыр соңымыздан қалмай жүргенін сахнадағы сан түрлі штрихтармен дәлелдеуге тырысты.
Шарапат ӘЛИСҰЛТАН